Құқық

Қылмыс бұзушылыққа тосқауыл қойылады

Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратында өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған шаралар мен қылмыстық істерге қатысты жиын өтті. Оған жоғарыда аталған басқарманың және құзырлы орган қызметкерлері, сондай-ақ, баспасөз өкілдері қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлесе өткізген басқосуында мемлекеттік қызметкерлердің талап-тәртібі, мәдениеті қалай болу керектігі баса айтылды. Мұнымен бірге, оларға қызмет барысында белгілі бір сыйлықтар берілген жағдайда, нендей амал-әрекеттердің жасалу қажеттігі турасында түсінік берілді. Мақсат — олардың кез келген заңбұзушылыққа баруына тосқауыл болу, қылмыстың алдын алу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қамал Қабылбеков заңға сәйкес бірнеше қылмыстық істің қаралғанын, оларға талапқа сай тиісті шаралардың қолданылғанын атап өтті.

Ал департаменттің штаб-басқармасының басшысы Дархан Мүсіров өз сөзінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге қарсы шараларға тоқталды:

— Осы жылдың  4 айында 51 қылмыстық іс сотқа жолданды. Оның 76 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Ал 44,7 пайызы ауыр қылмыстың санатына кіреді. Осынау заңбұзушылықтардың залал сомасы 158,9 миллион теңгені құрады.

Жыл басталғалы 4 айда департаментпен 18 тұлға жауапқа тартылды. Олардың арасында денсаулық сақтау, ауылшаруашылық салаларының қызметкерлері біршама, — деді ол.

Жиын барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың зардабы туралы сыр шертетін бейнефильм көрсетіліп, осы саладағы жаңашылдықтар мен өзгерістер талқыланды.

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақтөбе облысы бойынша департаменті және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті ұйытқы болуымен мұндай кездесулер басқа да басқармаларда өткен.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button